Лекциялар жинағы icon

Лекциялар жинағы


2 чел. помогло.
Similar



страницы:   1   2   3   4   5   6






12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ МОДЕЛІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКА

(Лекциялар жинағы)

Құрсабаев М.Қ., Көкшетау университеті

E-mail: kursabaev_mr@mail.ru

Лекция-1

Жаңа дәуірдегі Қазақстандағы білім жүйесі


Ғаламдық жаһандану жағдайындағы жаңа қоғамда орын алған iрi экономикалық өзгерiстер мен технологиялық жетiстiктер – қоғам дамуының қозғаушы күшi болып табылатын бiлiм жүйесiне орасан ықпалын тигiзiп отыр. Әлемдiк қауымдастықтың бiртұтас бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуi – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу қажеттiгiн де алға тартып отырғаны шындық.

Егемендi елiмiзде соңғы жылдар тiзбегiнде жүргiзiлiп келе жатқан бiлiм реформаларына қатысты түбегейлі бетбұрыстар, атап айтқанда әлемде дамыған мемлекеттердігі білім саясатының негізгі көрсеткіші болып саналатын 12 жылдық білім беру жүйесіне ену қарқыны – қоғамдық ортадағы адамдардың ерекше пiкiрлерi мен көзқарастарын қалыптастыруға негiз болғаны рас. Көптеген өнеркәсiп орындарының жаңа технологиялық қондырғылармен қайта жабдықталуы - бiлiм сапасының жаңа деңгейге көтерiлуiне өзгеше талап қойды. Бұл құбылыс – бiлiм параметрлерiнiң заман талабына сай неопедагогикалық- неопсихологиялық сипат алуына мүмкiндiк туғызуда. Аса қарқынды белең ала бастаған аталмыш құбылыстарға мемлекет тарапынан да терең талдаунамалар жасалып, ортақ проблеманы бұқара халықпен бiрлесе отырып атқару мәселелерi жолға қойылуда. Мемлекеттiк “Мәдени мұра” бағдарламасының халық игiлiгiне айналуы, бiлiм туралы ҚР Заңының заман талаптарын ескере отырып қайта толықтырылуы және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жастарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасы» Жарлығының іске асуы соның куәсi болмақ.

Ел Президентiнiң сөйлеген сөзінде: “..Барлық дүние мектептен басталады. Сондықтан 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп, педагогтардың профессионалдық деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет..”,- деп, атай келе “Қазақстан – 2030” бағдарламасында: “...бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп-жетiлiп кемелденедi. Бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз ұрпақтарын жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болмақ. Олар бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады...”,- десе, жастарға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын «мемлекеттік «Мәдени мұра бағдарламасы» негізінде бүгінгі ұрпақтардың бойына ұлттық патриоттық сезімдерді қалыптастыру керек...»деп, баяндалған аманатында ұлт болашағы мен ұрпақ тағдырына деген зор жауапкершiлiктің биігін көреміз. Замана жетiстiктерi негiзiнде жас ұрпаққа сапалы бiлiм берудi мақсат еткен көпшiлiк қауым, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы сақтап-жинақтап келген халық педагогикасының асыл мұралары негiзiнде саналы тәрбие берудi әрқашан жадынан тыс қалдырған емес. Соңғы жылдары өткiзiлiп жатқан ғылыми-практикалық конференциялар мен зерттеушi ғалымдардың еңбектерiнде этнопедагогика мұраларының назарға iлiнуi – аталмыш проблеманың көкейкестiлiгiн айқындап отыр.

Болашақта гүлденген Қазақстанның одан ары қарыштап өркендеуiнiң негiзгi тұтқасы болатын демократиялық қоғамды құратын парасатты және бiлiмдi тұлғаларды дайындауда ұлттық тәлiм-тәрбиенiң атқаратын жұмысы зор екенi даусыз. Озық жетiстiктерге негiзделген бiлiм нәрiмен қатар, ұлттық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақтар ғана ұлт тағдырын тереңiнен таразылап, болашағын барынша болжайтын қоғам сұраныстарына жауап беретін және барынша әлеуметтенген тұлға ретiнде танылатыны анық.

Демек, педагогика ғылымының осы кезге дейiн қалыптасқан озық тәжiрибелерiне сүйене отырып, оны мектептегі балалар қоғамдық ұйымдары арқылы тәрбие жұмыстарында этнопедагогика мұраларын барынша пайдалану – басты талаптардың негiзi болуы шарт.

Бұл жөнiнде Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасында: “...тәрбие мен оқыту мазмұны бiрiншi деңгейде қызметтiң өзiндiк түрлерiн және баланың даму бағытын, оның кейiнгi мектеп жағдайына бейiмделуiн қамтамасыз етуге тиiстi...”,- делiнген.

Тәрбие құралының адам өмiрi мен тұрмысында айырықша көрiнiс табатыны Қазақстан Республикасының Конституциясында : “...неке мен отбасы, ана мен отбасы және бала мемлекеттiң қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы және мiндетi”,- деп атап көрсетеді.

Бiздiң назарымызға iлiккен осы уақытқа дейiн зерттелген еңбектерге жасаған талдауымыз төмендегiдей сараптама бойынша анықталды.

  1. Тәрбие теориясына қатысты еңбектер (Контор И.М, Қоянбаев Ж.Б, Журавлев В.И, Бержанов Қ, Мусин Ж, Скатин М.Н, Мұхамбаева А.Х, Битинас Б, Сейталиев К, Подласый И.П)

  2. Қазақ этнопедагогикасындағы ұлттық тәрбие мәселелерi (Жарықбаев Қ.Б, Қалиев С, Әбiлова З.Ә, Сарыбеков Н.Қ, Ұзақбаева С.А, Наурызбай Ж, Қожахметова К.Ж, Дүйсембiнова Р.Қ, Қабдыразақұлы Қ, Сағындықов Е, Табылдиев Ә, Мұхамбетова С.К, Сәдуақасов Ә, Қисымова Ә.Қ, Қоңыратбаева Т.Ә, Ашайұлы Ә)

  3. Ұлттық тәрбиенiң моделі мен терминологиясы жөнiнде (Бөлеев Қ, Беркімбаева Ш.К, Оразбекова К.А)

  4. Оқушылар ұжымындағы тәрбие мәселелерi (Коротков И.М,Гончаров Н.К, Савин Н.В, Легенький Г.И, Новикова Л.И, Полукарев В.В, Дмитриенко Е.А).

  5. Ұйымдық тәрбиенiң теориялық аспектiлерi (Ильина Е.Г, Батракова И.С, Көпжасарова М.Д, Байназаров А, Белогоров В.М, Кирпичник А, Буадзе А.Б, Галузинский В.М, Титова С.В)

  6. Оқушыларға сыныптан тыс тәрбие берудiң әдiстемелерi (Құнантаева К.Қ, Кузьмина М.Н, Омаров Е.О, Нұрмағамбетов С.Х, Овчинникова Р, Садықова М.К).

  7. Оқушылардың қоғамдық бiрлестiктерiндегi тәрбие жұмыстары (Иржанова Р.Д, Лебединский В.В, Ходоровская З.А, Абаева Н.Б, Мұқанова Б.Ы, Бекмағанбетова Р.К, Қасенов Е.Р, Татаурова Н.Л)

  8. Балалар ұйымдарының дамуы мен қалыптасуының тарихи-педагогикалық аспектілері (Богуславский М.В, Алиева Л.В, Волохов А.В, Литвак Р.А, Кирпичник А.Г, Кабуш В, Дмитриенко Е.А, Искандирова Т.Н, Радина К.Д, Кудинов В, Сорочинская Е).

  9. Халық педагогикасы материалдары негiзiнде оқушыларға ұлттық тәлiм-тәрбие беру (Төлеубекова Р.К, Жетпiсбаева К.Б, Ембергенова Ж, Сәдiрмекова Ж.Б, Қаплиева А.Қ, Егенисова А.Қ, Арзымбетова Ш.Ж, Садықова М.К, Әбдiғаппарова У.М, Әбдiлдина С.Қ, Өтемұратова Б.С, Аманжолова А.А, Хасанова Ж.С).

  10. Жаһандану жағдайындағы балалар қозғалысының даму тенденциясы және социокинетикалық ғылыми бағыт алғышарттары (Вульфов Б.З, Швецова Л.И, С.Тесленко, Басов Н.Ф, Аванесян И.Д, Лебедев Д.Н, Титова Е, Бобрышев С, Луков В.Д, Фришман И.И)

Аталған еңбектерде мектептегi оқу-тәрбие жұмыстарында жас ұрпаққа кешендi бiлiм мен тәлiм-тәрбие беруде қажетi мол ғылыми кеңестер мен әдiстемелiк нұсқаулар көрсетiлген. Оқушылар ұжымындағы тәрбие мәселелерi, әсiресе сыныптан тыс жұмыстар, қоғамдық ұйымдар негiзiнде тәлiм-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, оқушылардың өзiн-өзi басқару жүйесi мәселелеріне арналған еңбектердiң көпшілігінде жан-жақты қарастырылғаны байқалады.

Мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие берудiң педагогикалық маңызы жөнiндегi мәселелерге Қалиев С, Наурызбай Ж, Беркімбаева Ш.К, Бөлеев Қ, Ұзақбаева С.А, Оразбекова К.А, Қожахметова К.Ж, Дүйсембiнова Р.Қ және басқа ғалымдар өз еңбектерiн арнаған. Ол еңбектерде ұлттық тәлiм-тәрбиенiң генезизi ғылыми-методологиялық тұрғыда сарапталынып, өз ретiнде мектептегi оқу-тәрбие жұмыстарына ендiру қажеттiлiктерi ұсынылады. Аталған ғалымдардың еңбектерiне сүйене отырып зерттеулер жүргiзген

Төлеубекова Р.К, Әбдiғаппарова У.М, Әбдiлдина С.Қ, Өтемұратова Б.С, Аманжолова А.А, Хасанова Ж.С, Жетпiсбаева К.Б, Ембергенова Ж, Қаплиева А.Қ, Қисымова А.Қ, Егенисова А.Қ, Арзымбетова Ш.Ж, Садықова М.К және басқа ғалымдардың еңбектерiнде ұлттық тәрбие мәселелерi жеке сала бойынша (экологиялық, эстетикалық, адамгершiлiк, патриоттық, экономикалық т.б) зерделенiп, оны оқушылар ұйымы арқылы ұйымдастырудың жүйелi әдiстемелерi толығынан баяндалмағанын аңғардық.

Мектептегi оқушылар ұйымында тәрбие жұмысын кешендi ұйымдастыру Иржанова Р.Д, Құнантаева К.Қ, Татаурова Н.Л, Абаева Н.Б, Мұқанова Б.Ы, Кузьмина М.Н, Бекмағанбетова Р.К, Қасенов Е.Р зерттеулерiнде негiзiнен бұрынғы кеңестік дәуірдегі пионер (балалар) ұйымдарының iс-тәжiрибелерi тұрғысынан қарастырылған.

Жаңа ғасыр жағдайындағы балалар ұйымдарының дамуы мен қалыптасуы мәселелері (Алиева Л.В, Литвак Р.А, Волохов А.В) және қазақстандық ғалымдар (Искандирова Т.Н, Тесленко С) еңбектерінде жеткілікті дәрежеде қарастырылып, ондағы тәрбие технологиясының ерекшеліктері жөнінде қомақты зерттеулер жүргізіліп, тұжырымды сипаттамалар берілген. Зерттеу жұмыстарының педагогикалық маңыздылығын атай отыра, онда жаңа заман жағдайында мектептегі оқушылар ұйымдары арқылы ұлттық тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері толық қарастырылмағанын байқадық.

Негізгі міндеттер мен мақсаттар:

- Мектептегі оқушылар ұйымының ұлттық тәрбие беруге негізделген жаңа моделін жасап, оны оқу-тәрбие үрдісінде іске асыру арқылы жан-жақты дамыған, ұлтжандылық қасиеттері қалыптасқан азамат тәрбиелеу; ұлттық тәрбиеге сүйенген қазақстандық социокинетика ғылымының моделін қалыптастыру;

  • Оқушылар ұйымының қалыптасу тарихы мен теориялық негіздерін ғылыми-педагогикалық тұрғыда зерделеу;

  • Оқушылар ұйымы арқылы ұлттық тәрбие берудің жаңа моделін жасап, оны іске асырудың жолдарын айқындау;

  • Мектептегі оқушылар ұйымында ұлттық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында “Атамекен” бағдарламасы және оны қолданудың кешенін жасау;

  • Атамекен” бағдарламасы және оны қолданудың әдістемелік кешенін іс-тәжірибеден өткізу;

  • Ұлттық тәрбиеге негізделген қазақстандық социокинетика ғылымының моделін қалыптастыру;

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

  • Оқушылар ұйымының қалыптасу тарихы сараланды;

  • Оқушылар ұйымы қалыптасуының ғылыми негіздері педагогикалық тұрғыда зерделенді;

  • Қазақстандағы балалар ұйымдары Одағының тәлім-тәрбие бағдарламасының қалыптасуына негіз болды;

  • Қазақстандық социокинетика ғылымының ұлттық тәрбиеге негізделген жаңа эмпирикалық моделі қалыптасты;

  • Бүгінгі күн талаптары мен жалпыадамзаттық рухани-мәдени құндылықтарға сай оқушылар ұйымын қайта құрудың жаңа моделі жасалып, оны іске асырудың ғылыми-әдістемелік жолдары айқындалды;

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

  • Оқушылар ұйымында ұлттық тәрбие берудің жолдарын көрсететін “Атамекен” бағдарламасы әзірленді;

  • Қазақстандық социокинетика ғылымының қалыптасуының жаңа мүмкіндіктері айқындалды;

  • Бағдарламаны оқу-тәрбие үрдісіне ендірудің әдістемелік кешені жасалып, мектеп тәжірибесіне пайдалану жолдары көрсетілді;

Зерттеу жұмысының педагогикалық шарттары:

  • жеке тұлғаның қоғам талаптарына сай әлеуметтенуін қамтамасыз ету;

  • мектептегі оқушылар ұйымындағы тәрбие жұмыстарының оңтайлы педагогикалық атмосферасын қалыптастыру;

  • ұстаз-тәлімгерлер мен шәкірттер арасындағы педагогикалық ынтымақтастықты нығайту;

  • ұйыморда һәм ұйымтоп көсемдерінің (лидерлерінің) жетекшілік потенциалдарын пайдаланудың педагогикалық мазмұнын ашу;

  • жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетке негізделген оқушылар ұйымының моделін құру және оны ендіру;

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

  • Оқушылар ұйымының қалыптасу тарихы мен теориялық негіздері;

  • Оқушылар ұйымы арқылы ұлттық тәрбие берудің жаңа моделі;

  • Социокинетика ғылымының қазақстандық моделі;

  • Оқушылар ұйымында ұлттық тәрбие берудің “Атамекен” бағдарламасы мен оны іске асырудың ғылыми-әдістемелік кешені;

Жетекшi идея: Бүгінгі өркениет пен ұлттық мәдениет үлгілерін кіріктіре отырып, демократиялық халықтық мәдени мұра негізінде оқушылар ұйымын қайта құрып, сол арқылы ұлттық сана-сезімі оянған, жан-жақты жетілген ұлтжанды азамат тәрбиелеу.

Зерттеудiң теориялық және әдiснамалық негiздерiне қазақстандық, ресейлік және шет ел ғалымдарының тәрбие теориясы жөнiндегi философиялық еңбектері, тарихи-педагогикалық деректер, этнопедагогика һәм этнопсихология мәселелеріне арналған теориялық еңбектер және жеке тұлға дамуының әлеуметтiк қағидалары, халық педагогикасы дәстүрлерінің жетістіктері, этномәдени және рухани құндылықтарды дамыту мен пайдалану жайындағы еңбектер жатады.

Зерттеу әдістері сауалдама, сұрақ-жауап, салыстыру, бақылау және социометриялық кесте, тренигтер мен танымдық-тестік сұрақтар.

Зерттеу көздерi: Педагогика тарихы мен теориясы саласындағы қазақстандық және шет ел ғалымдарының классикалық еңбектері, ресми оқу-әдiстемелiк құралдары мен басылымдар, ұлттық тәрбие мәселелерiне арналған мемлекеттiк һәм авторлық жобалар, бiлiм мен тәрбие жүйесiне арналған ҚР Заңдары және ҚР бiлiм және ғылым Министрлiгi құжаттары.

ҚР білім және ғылым министрлігінің тұжырымдамалары, ҚР Ғылым академиясының ғылыми қоры және диссертанттың авторлық тәжірибелері.

Зерттеу базасы: Қазақстан Республикасының Ұлттық кiтапханасы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ бiлiм академиясының ғылыми-педагогикалық кiтапханасы. Алматы қаласының А.П.Чехов атындағы орталық кiтапханасы. М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық және Көкшетау университетiнiң кiтапханасы. Зерттеу жұмысына №34 (Ақтөбе), №49, 59, 112 (Алматы), I.Жақсыбеков атындағы Қарақол, С.Сейфуллин атындағы Мақаншы (Шығыс Қазақстан), М.Ғабдуллин атындағы №3 (Көкшетау), Ақсу қаласындағы №1 (Павлодар), №2, 21 ( Астана), Керей орта мектебі (РФ, Алтай өлкесі, Құлынды ауданы), С.Сауытбеков атындағы Балуан орта мектептерiнiң (Солтүстiк Қазақстан) және Көкшетау қазақ лицейiнiң ұстаз-тәлiмгерлерi мен оқушылары тартылды.

Зерттеу кезеңдерi:

Бiрiншi кезеңде (1985-1990 ж.ж) педагогикалық әдебиеттер мен газет-журналдар негiзiнде тәрбие теориясына қатысты ғылыми-әдiстемелiк нұсқаулармен танысу жұмыстары жүргiзiлдi. Диссертация жұмысына тiкелей қатысы бар “Атамекен” бағдарламасының алғашқы жобасы жасалды.

Екiншi кезеңде (1990-2000 ж.ж) зерттеу жұмысының жалпы бағытының жоспары жасалды. Озық педагогикалық тәжiрибелер негiзiнде зерттеудiң тақырыбы және кейбiр әдістемелік жобалардың мектеп практикасына ендiрудiң эксперименттiк жұмыстары қолға алынды. Жинақталған тәжiрибелер дәрiс оқу барысында пайдаланылып, конференция, семинар жұмыстарында баяндалды.

Yшiншi кезеңде (2001-2005 ж.ж) эксперимент нәтижелерi мен теориялық бiлiмдердi пысықтау, жинақталған материалдарды талдау мен сараптау негiзiнде диссертациялық жұмыс бір жүйеге келтіріліп, ғылыми талап пен ережелерге сай диссертацияның жалпы мазмұны айқындалып, жобасы түзілді.

Зерттеу нәтижелерiнiң дәлелдiлiгi мен негiздiлiгi: зерттеу объектiсiндегi негiзгi тұжырымдардың әдiснамалық тұрғыда дәйектi дәлелденуiмен, зерделеу назарына iлiккен теориялық материалдарды объективтi тұрғыда талдаумен, алға қойған мақсаттарға сай пайдалануымен және зерттеу әдiстерiнiң тиiмдiлiгiмен қамтамасыз етiлдi.

Зерттеу нәтижелерiнiң мақұлдануы мен ендiрiлуi.

Диссертациялық еңбектің негізгі ой-тұжырымдары халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті ғалымдар мен аспиранттарының дәстүрлі ғылыми-практикалык конференциясының 40 жылдығына орай өткен (Алматы, 14-20 наурыз, 1989 жыл), Ы.Алтынсаринның 150 жылдығына орай өткен “Ы.Алтынсаринның тәлім-тәрбиелік мұрасы және қазіргі мектеп” (Қостанай, 16-18 қазан 1991 жыл), “Халық педагогикасы материалдарын оқу-тәрбие үрдістеріне ендірудің ғылыми-әдістемелік негіздері “ (Алматы, 10-12 желтоқсан, 1991 жыл), “Халық педагогикасы мен психологиясы дәстүрлерінің оқу-тәрбие ісінде қолданылуы” (Алматы, 19-20 мамыр, 1992 жыл), “Халық педагогикасының озық дәстүрлерін оқу-тәрбие жұмыстарында пайдалану” (Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, 1999 жыл), “Сейтен Сауытбековтың ұлттық тәлім-тәрбиелік мұраларын оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырудың ғылыми-әдістемелік жолдары” (Көкшетау, 9-10 тамыз, 2003 жыл), “Сейтен тағылымдары” халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы (4-5 маусым 2004 жыл), Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университеті мен Көкшетау университеті арасындағы бірлескен халықаралық семинар-мәжілісі (Бішкек 22-23 қазан 2004 жыл) «Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – жеке тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметтендірудің басты шарттарының бірі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясында (Ақмола облысы, Шучье қаласы, Балдәурен орталығы 13-16 сәуір 2007 жыл) және басқа ғылыми мәжілістерде, педагогикалық оқуларда, семинар жұмыстарында, білім жетілдіру мекемелерінде дәрісбаян һәм тәжірибе алмасу негізінде баяндалды.

Эксперименттік жұмыстар Көкшетау қазақ лицейі және С.Сауытбеков атындағы Балуан орта мектебінде (Солтүстік Қазақстан) жүргізілді. Эксперимент жұмысына 450 оқушы және 60 ұстаз-тәлімгерлер қатысты, ондағы 225 оқушы эксперимент тобында, 225 оқушы бақылау тобында болды.

Зерттеу тақырыбына байланысты автордың жиырмадан астам ғылыми еңбектерi жарық көрдi.


Лекция-2.

^ 12 жылдық білім жағдайындағы қазақ мектебіндіг оқу-тәрбие жүйесінің моделі


Аталмыш тақырыптың мазмұнын ашу үшін алдымен ұлттық тәлiм-тәрбие мәселесi жөнiндегі әдебиеттерден мағлұматтар берудi жөн санадық.

Бiздiң ойымызша ұлттық тәлiм-тәрбиенiң асыл арналары болып табылатын ізгілік, имандылық, парасаттылық ұғымдары өзiнiң бастауын қасиеттi Құран жазбаларынан, тотемдiк-мифологиялық ұғымдар мен таңбалардан, пайғамбарлар мен ғұламалар өсиеттерiнен, киелi “Авеста” шежiрелерiнен, мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерден және дала данышпандарының нақыл сөздерiнен бастау алады.

Құран сүрелері негізінде шәкірт санасында барша адамзат мойындаған рухани құндылықтар ғибраттары арқылы ой толқытып, сезім тербету әрекеті қажет екені анық. Ол тұжырымымызға киелі Кітаптағы мынадай сүрелер ғибраттары негіз болмақ: “..Ұғымын Алла біледі. Ашық баян етуші Құранға серт. Шын мәнісінде оны құтты бір кеште түсірдік. Күдіксіз Ол, әр нәрсені естуші, толық білуші. Ол аса дана, толық білуші. Ол сондай өте жоғары Алла, көктер мен жердің әрі екі арасындағы нәрселердің игілігі Оған тән (44-Дұхан сүресі, 496-495 бет.), [121,140-402-490]

Байқап отырғанымыздай Құран сүрелеріндегі “ұғым”, “даналық”, “ғылым”, “өлшем”, “кісілік” сияқты түсініктемелер тағылымдық ұғымдарға ұласып тұр. Мұндай ғибратты сөздердің мектептегі тәрбие жұмыстарында қолданудың қажеттілігі бүгінде дау туғызбаса керек. Дін тәрбиесіне байланысты тәлімдік әдістемелердің бүгінгі педагогикалық практикада көрініс табуы заңды құбылыс. Бүгінде адамдардың тұрмыстық қарым-қатынастарының реттелуі барысында қайта дами бастаған ізгілік алғышарттары мен рухани құндылықтар жөніндегі парасатты қоғамдық пікірлердің қалыптасуы соның айғағы болса керек.

Ұлттық тәлім-тәрбие бастаулары тарихи дәуірлер көшінде заман талаптары мен құбылыстарының өзгерістеріне қарай өзінің даму мен қалыптасу генезисінің ерекшеліктерімен сипатталып отырды.

Алтай тауларының қақпа тастарына (IҮ-Ү ғ.ғ) ойып жазып кеткен Күлтегiн мен Тоныкөк бабаларымыздың:

“..Биiкте көк Тәңiрi

Астында қара жер жаралғанда

Екеуiнiң арасында адам баласы жаралған.

Адам баласын басқаруға ата-бабам:

Бумын, Тумын, Iстемi қаған отырған.

Түркi халықтарына иелiк еткен,

Төрт құбыланың бәрi жау едi

Әскер жүргiзiп көп алған, бәрiн бейбiт қылып.

Басы барын идiрген, жүгiндiрген, тiзелiнi бүктiрген

Iлгерi Қадырхан қойнауынан – керi Темiр қақпаға дейiн..”,-деп, ұрпағына мәңгiлiк мұра мен аманат қалдырған көнетүркі жырларында сипатталған терең тәлiмдiк-ғибратнамалық ойлардан сыр шертеді [60,56-57]. Жыр мақамдары жұмбақ дүниенің тылсым құбылысымен байланысып, баба ғибратының күрделі сезімдерінің бастауы болған ой-таным жүйесінің ерекшелігін танытып тұр. Тасқа айналған өсиеттер тізбегі болашақ ұрпаққа алдыменен ататек туралы шежірелерді жадында сақтауды меңзейді. Жырдағы тәңірліктің таңғажайып құбылыстарынан таным нәрін алған діни-мифологиялық тағылымдардың жер мен аспан әлемі жөніндегі ұлттық дүниетанымдық қағидаларының, адамзаттың ғұмырнамалық заңдылықтарымен ұштаса, ұрпақ санасына ой салуы – бүгінде жиі айтыла бастаған елдік пен еркіндіктің, парасаттылық мен қаһармандық дәстүрлерінің рухани қазынасы бола бермек.

Ұлттық тәлiм-тәрбие жөнiнде Жүсiп Баласағұнидың:

“..Тәңiр адамдарды жаратты, үздiк еттi

Оған өнер, бiлiм, ақыл-ой бердi /144 бәйiт/

Бiлiм бердi: адам бұл күндерi шырқау биiкке көтерiлдi,

Ақыл бердi: осының арқасында түйiн шешiлдi /146 бәйiт/..”,- деген, танымы шексіз ой маржандары да ұлттық тәлім-тәрбие қазынасына арқау болмақ [61,102-103].

Ғұлама өзінің әлемге әйгілі болған “Қутадғу билиг” (Құтты білік немесе ақыл, білім, тіл жайында) атты еңбегінде, адамзат перзентінің бойындағы ең асыл қазыналарының бірі – ақыл мен білім дүниесі деп өсиет қалдырған. Ғұлама ғибратын тұспалдай отырып зерделеу кез келген қарапайым логикалық талдау жүйесінің арнасына түсе бермейтін таным мұхиты іспеттес дүние. Ж.Баласағұни толғамдарындағы кім ақылды бойына жинай білсе – ұлықтық дәрежесі соған ауады, ал оған қоса білімді игерсе оның кісілік (гуманистік) қасиеті арта түседі деген өсиеті ғасырдың қай кезеңінде болмасын көнермейтін ғибрат болса керек.

Ж.Баласағұн ғұмыр кешкен ғасырлар көші Аллаһ тағаланың аңсары ауып, таным нұрлары шашыраған асқарлы асулардың бірі болған еді. Оған ғұлама замандастары мен тағдырластары М.Қашқари, Қайқауыс, А.Йассауи, А. Йүгінеки, С.Бақырғани, Рабғузи, Құтып, Қ.Қатиб, Гийас ад-Дин әл Женди, Жамал ад дин Түркістани және басқалар еңбектерін жатқызамыз.

М.Қашқариды шығыстанушы ғалымдар маржан тіл мен терең ойдың адамы деп ғибрат тұтып, оның мұраларын шығыс пен мұсылман ілімдерінің алтын бесігі ретінде бағалады. Қашқари түркі сөздерінің қисындық-логикалық үлгісін ғылыми тұрғыда терең саралаған танымы зерек, тіл білімінің асқан ойшылы ретінде танылумен қатар, артына тәлімдік-тағылымдық мұра қалдырған данышпан-ұстаз ретінде дараланды. Оның:

“..Жеткiз менiң сөзiмдi бiлiмдi адамдарға

Ұрпақ өссе естiлер өмiрге алаңдар ма?

Үш адамды жақсылыққа бастағанды ғалым деп бiл,

Оның iсiн жұртқа жайып, қолдан келсе тәлiм қыл..”,-деген өсиеттері ұрпақ дүниетанымының қалыптасуына ұйтқы болатын рухани-танымдық қазына екені даусыз[62,45-72]. Халықтың рухани һәм тәлімдік мұраларын ол мақал-мәтелдер және бабалар өсиеті тұрғысында сақталып келгенін айта келе ғұлама: “..Ұлым, менің өсиетіммен жанды аузыңа қаратқын. Ғалым болып, біліміңді ел ішіне таратқын..”,- деген тағылымдық өсиеттер арқылы, жас ұрпақтың тағдыры мен болашағына деген алаңдаушылығын білдіреді [62,72]

Ал, халық тәлiмгерi атанған Қайқауыстың “Кодекс куманикус” атты еңбегінде: “...ей перзентiм...дүниедегi басқа заттарды өз өрнегiң сияқты танып түсiне бiл. Алла тағала, адамзатты жаратты. Оған өмiр сүруге қажеттi өнер, бiлiм, саясат ағымдарын жаратты. Сенi жан-дiлiңмен жақсы көрiп, тәрбиялап жүрген ата-анаңның көңiлiн қалдырма. Бiлiм – ақылдың ажар көркi. Аңдасаң – ақыл деген қымбат нәрсе. Оны ұры алып кете алмайды, отқа жанып, суға ақпайды..”,- деген астарлы ұғымдары арқылы ұлттық тәлiм-тәрбие тамырларының тереңде жатқанын пайымдайды [63,12]. Ғұлама данышпандығының ерекшелігі – халықтың ықылым заманнан қалыптасып келген рухани-мәдени мұраларын сақтау мен қастерлеудің бірден-бір жолы – ол дүниелердің ұрпақ санасына жүйелі түрде сіңірудің тәсілін іздестіру әрекеті болды.

Мұсылман Ренессансының көш басында жүрген ірі тұлғалардың бірі Қожа Ахмет Йассауи еді. А.Йассауи өз заманында мұсылман философиясының адамгершілік құндылықтарын әлемдік деңгейге көтере білді. Йассауи әлемін танушы ғалымдардың пікірінше, ғұлама ғақлияттары өзінің философиялық құндылығымен ғана емес, сонымен қатар өзінің далалық данышпандық өрнегімен ерекшеленеді. Ғұлама ғибратын зерттеуші М.Жармұхамедұлы Йассауи тағылымдары жөнінде былай дейді: “..Ақын өзінің “Диуани хикметінде” жазған алғы сөзінде жалпы мұсылман дінінің негізгі қағида-шарттарын, парыз-қарыздарын байыппен баяндайды. Мұндағы ой-тұжырымдары сегіз жүйеден тұрады. Олары: Тәубашылдық, Ғибадатшылдық, Махаббат, Сабырлық, Шүкірлік, Ризашылдық, Заһидшілдік (анықтық), Ғаріптік. “Диуани хикмет” бастан-аяқ ақыл-өсиет, үлгі-өнеге айтуға құрылған. Дін қағидалары мен жалпы адамгершілік, мейірім-шапағат, бауырмалдық мәселелерінің туған әдебиетімізде кең қанат жаюына оның әсер-ықпалының мол болғаны даусыз..” [122,12-13].

А.Йассауи өз өсиетін шын мәнінде шәкірттерге аманат қылу дәстүрін ұстанады. Аталмыш қағидалардың жоғарыда айтып кеткендей адамның танымдық қабілеттерінің жас ерекшеліктеріне негізделе отырып баяндалғаны байқалады. Жыр басын софы-данышпан:

“..Бісіміллә деп баян еттім хикмет айтып,

Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.

Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,

Мен “Дәптер сәни” сөзін аштым міне

Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,

Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл

Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл

Ғаріптердің жайын ұғып келдім міне..”,- деп алғысөзін адамгершілік құндылықтардан бастаса [122,17], әрі қарай:

“..Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім

Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым

Ғаршы-күрсі баспалдағын барып құштым,

Бір жасымда аруақ маған үлес берді

Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді,

Үш жасымда шілтен келіп халім білді,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге..”,- деп, адам жасының онтогенездік даму заңдылықтарын баяндай отырып, ғибраты мол аталы нақылдар маржанын ұсынады [122,22].

Аталған ғұламалар ғұмырнамасымен тағдырлас болған Ж.Баласағұни, М.Қашқари, Қайқауыс һәм А.Йассауи тағылымдарында ұрпақ тәрбиесіне деген ұстаздық сезімнің, даналық ойдың үндестігі байқалады. Ж.Баласағұни ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ғибратын гуманистік һәм этикалық тұрғыда кемелдендіру жүйесін ұсынса, М.Қашқари халықтың қайталанбас танымдық-тәлімдік дәстүрлердің сақталуы мен қастерленуінің кепілі – этномәдени мұраларды (тіл, әдебиет, салт-сана, ұлттық дәстүрлер) ұлттық дүниетаным құндылықтарымен ұштастыру деп таныса, Қайқауыс ұлттық тәлім-тәрбиенің негізгі қағидасы - табиғат пен қоғам байланысы һәм жаратылыс заңдылықтары негізінде ата дәстүрі мен ұрпақ сабақтастығы байланысы дейді. Ал, А.Йассауи адамгершілік, кісілік һәм имандылық қасиеттер адамды тәрбиелеудің алтын діңгегі деген тәлімдік-танымдық идеяларды алға тартады.

Мұсылман һәм араб-түркі ғұламаларының тағылымдық дәстүрлері Қазақ хандығы дәуірінде ғұмыр кешкен ақын-жыраулар толғауларында дәстүрлі жалғасын тапты.

Асанқайғыдан бастап Абайға дейінгі алып тағылым кеңістігіндегі қазақ ғұламаларының тәлімдік идеялары – қазақи қанымыз бен ұлттық намысымызға сіңген мәңгілік рухани құндылықтар ошағы болып қала бермек. Оған Асанқайғының, Қазтуғанның, Мұхамед Қайдардың, Қыдырғалидың, Ө.Тілеуқабылұлының, Шалкиіздің, Доспамбеттің, Әбілғазының, Жиембеттің, Ақтамбердінің, Бұхардың, Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтекенің, Үмбетейдің, Дулаттың, Шоқанның, Ыбырайдың, Құрманғазының, Абайдың және басқа қазақ даласының данышпандарының қосқан үлестері өлшеусіз. Олардың артына қалдырған ұрпақ тәрбиесі жөніндегі даналық ғибраттарын жеке-жеке талдау, орны бөлек абыройлы іс екені анық. Сөз саптау барысында біздер аталған зиялылардың әрқайсысына тоқталудың мүмкін еместігін ескере отырып, жекелеген тұлғалардың тәлім-тәрбиелік өнегесі жөнінде тоқталып өтуді жөн санадық.

Ш.Уәлиханов “дала данышпаны (философы)” деп атаған Асанқайғы бабамыздың ұрпағына қалдырған тағылымдық мұралары ұшан-теңіз. Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық педагогиканың дамуы мен қалыптасуын зерттеген Т.М. Әлсатовтың [123] еңбегінде, данышпан бабамыздың Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек сұлтандарға ақыл-кеңес берген абыз тұлға һәм рухани ұстаз ретінде танылғаны жайында баяндалады.

Дала абызы Асанқайғының:

”..Арғымаққа мiндiм деп, артқы топтан адаспа

Артық үшiн айтысып, достарыңмен таласпа

Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессiз сөз бастама

Жеңемiн деп бiреудi, өтiрiк сөзбен қостама..”,- деген, өсиеттерi ұлттық менталитетiмiзге тән моральдiк-эткалық алғышарттар қағидасы десе болады [64,25]. Асанқайғының:

“.. Таза мінсіз асыл тас – су түбінде жатады

Таза мінсіз асыл сөз – ой түбінде жатады

Жел толқытса асыл тас – су бетіне шығады

Ой толқытса асыл сөз – шер тарқатса шығады..”,- деген, ой әфсаналарында табиғат, адам және кеңістік дүниелері орын алады [64,23]. Мұндағы шартты түрде қабылдап отырған асыл тас – табиғат ортасы, асыл сөз – адамзат парасаты, жел мен ой толқыны – тылсым кеңістіктің таңғажайып құпиясы болса керек. Абыз бабамыз аталмыш ой маржандарын ұрпақ санасына жұмбақ зерде жүйесі арқылы жеткізуді мақсұт еткені байқалады.

Ұлттық тәрбие жөнiнде Абай, Ыбырай және Шоқан мұраларының шоқтығы биiк. Оларды рухани ұстазы санаған А.Байтұрсынов, Шәкәрім, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Н.Құлжанова, С.Көбеев, Ш.Әлжанов және басқа қазақ зиялы қауым өкілдері ұрпақ тәрбиесі жөнінде аз еңбек жазған жоқ. Қазақ зиялыларының педагогикалық тағылымдары жөнiнде ғылыми-әдеби еңбектер жазып, зерттеулер жүргiзген Шаймерденова Г, Көбесов А, Жұматаева Ш, Ыбыраева К.Ж, Құдиярова А.М, Бұланова Ф.З, Көшенова Р.Н, Құламбаева К.К, Күлшiмбаева Б.С, Әбiлғазиева К.Т, Базарғалиев Ғ.Б, Ыбырайымжанов Қ.Т, Мiрәлиева А.Ж және басқа ғалымдардың еңбектерiн атап өтуге болады.

Ғылыми-педагогикалық зерттеу жұмыстары барысында, әрбір зерттеуші ғалым Ыбырай мен Абай тағылымдарына соқпай кете алмайтыны шындық. Бұл ғылыми үрдіс кейінгі жылдары дәстүрге айналып барады.

Ұлы ағартушы, қаһарман-қайраткер Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұраларынсыз - қазақ этнопедагогикасының қалыптасу кезеңдерін елестету мүмкін емес. Ыбырай тағылымы жөнінде профессор С.Қалиев өз еңбегінде былай деп жазды: “..Ы.Алтынсариннің педагогикалық көзқарасынан да бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі гуманистік көзқарас, яғни шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз. Ы.Алтынсариннің демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты.

Біріншіден, бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге және соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнаса, екіншіден, өнегелі ұстаз-тәлімгер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми-әдістемелік басшылық жасауға көңіл бөлді.

Үшіншіден, шығармаларында қазақ халқының ХІХ ғасырдағы қоғамдық өмірінде болған саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып жазуға жұмсады. Ол кез келген шығармаларында шәкірттерді адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнегелі, өнерлі азамат болуға, зиянды іс-әрекеттен, ұрлық-зорлық, жатып ішер жалқаулық сияқты жаман әдет, жат мінезден бойын аулақ ұстауға шақырды..” [108,172-173].

Жоғарыда айтып өткендей Ы.Алтынсариннің қазақ баласының болашағы үшін бойындағы бар күш-жігерін арнағанын көреміз. Ы.Алтынсарин ағартушы-ғалым, педагог болумен қатар тарихшы-этнограф ғалым ретінде танылды. Атап айтсақ, оның 1870 жылы “Записки Оренбургского отдела Императорского русского географического общества” атты журналдағы “Очерк обычаев при сватовстве и свадьбе у киргизов Оренбургского ведомства” [124,13-25] деген еңбегімен таныса келе, Алтынсаринның қазақ халқының тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жете білетін адам екенін байқаймыз. Ы.Алтынсариннің өзінің өмірі мен қызметі кезіндегі орыс-қазақ мектептерін ашу жұмыстарында, қазақ алфавитін орыс әріптері мен алфавитті нұсқасында жасау кезінде және басқа да қоғамдық қатынастардағы творчестволық істермен айналысуда өз ұлтының тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін өте жоғары бағалап, оның оқу-тәрбие жұмыстарында іске асыру идеяларын алдына мақсат етіп қойғанын оның еңбектерінен, практикалық істерінен көреміз. Ыбырайдың өз ортасындағы үлкен қарама-қайшылықтағы шиеленістерге төтеп бере отырып, өз идеясын ғылыми тұрғыда батыл ұсына білген және нәтиже шығарған жеңістері – қазіргі жас ғалым-педагогтарға теңдесі жоқ зор педагогикалық үлгі бола бермек.

Ыбырайдың орыс-қазақ мектептеріне арнап қазақтың ұлттық бай мұраларын орыс тіліне аудару арқылы қазақтың халық педагогикасын басқа ұлт өкілдеріне білдірудегі іс-әрекетінің нәтижесі деп қарауға тура келеді.

ХХ ғасырдағы әлемдегі өркениетке - ұлы Абай мұралары философиялық ойлар мен танымдық-тағылымдық ғибратттар қазынасын басқа қырынан көрсетті. Қазақтың ұлттық таным мен тағылым тарихнамасын Абайға дейінгі кезең және Абайдан кейінгі кезең деп атауымызға болады.

Абайдың данышпандық дәстүрлерінің философиялық, тіл ғылымы, әдебиеттану, мәдениеттану, этномузыка, этика және басқа ұлттық дүниетанымымыздың ерекшелігін айқындайтын ауқымды зерде жүйесімен байланысты екені және оның ғылыми зерттеу жұмыстарына арқау болып отырғаны шындық. Философ Ә.Нысанбаев: “..Абайдың рухани, даналық мұрасы терең мағыналы философиялық идеяларға толы: ол күллі Шығыста философияның негізгі мәні болып табылатын (жетілген адамды) өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айырықша көңіл бөледі, адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін ашып, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартады, адамның шексіз танымдық мүмкіндіктерін байқап, надандықпен күресін бағалап, білім мен ғылымның әлеуметтік өміріндегі рөлін анықтап, адамтануды жүйелі қарастырады..”,- дейді [126,7].

Абай ұлттық тәрбие мәселесіне арнайы тоқталмаса да, қазақи тәлім-тәрбие дүниесінің ерекшеліктерін өзінің жыр жолдары мен қара сөздері арқылы шебер жеткізе білген. Ғұлама жырындағы:

“… Бес нәрседен қашық бол

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз,

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз…

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз ?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз..”,- деп, жыр абызы адамның бойындағы мінез-құлық пен ұлттық ерекшеліктерге өмір һәм тұрмыс заңдылықтарымен байланыстыра отырып тәлімдік сипаттама береді [127,187].

Абайдың қара сөздері – ұлттық дүниетаным жүйесінің негізін қалады. Ондағы таным мұхитының терең маржандарынан нәр алған дүние жаратылысының қайшылықтарын тануға бағытталған психологиялық-педагогикалық ой толғаныстарын көреміз. Мәселен, ғұламаның отыз бірінші сөзіндегі : “..Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екіншісі – сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұншығып, ынтамен ұғу керек; үшіншісі – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртіншісі – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер..”,- деп, философиялық, педагогикалық, психологиялық ой тұжырымын жасап, таным теориясының негізін қалап тұр [127,195].

Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген Мағжан Жұмабаев болды. Ол өзiнiң “Пидагогика (баланы тәрбия қылу жолдары)” атты еңбегiнде: “..Әрбiр тәрбияшының қолданатын жолы – ұлт тәрбиясы. …әрбiр ұлттың бала тәрбия қылу туралы ескiден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиясы баяғыдан берi сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбiр тәрбияшы сөз жоқ, ұлт тәрбиясымен таныс болуға тиiстi...”,- дегенді айтады [59,8].

Мағжан педагогикасын зерттеуші С.Т.Сеңкібаевтың пайымдауынша ағартушының «ұлт тағылымы» идеясы халықтың тарихы мен мәдениетiмен бiрге қалыптасып келе жатқан рухани дүниесіне айналып, заманның қай кезеңiнде болмасын ұрпақ тәрбиесiнiң ең негiзгi құралы болып қалатынын тұжырымдаған [207,262] .

Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанда қазақтың ұлттық тәрбиесi жөнiнде арнайы ғылыми еңбек жазуға мемлекет тарапынан мүмкіндік болмағаны белгiлi. Оған кеңес үкіметі заманында жүргізілген зерттеу жұмыстарын талдау барысында көз жеткіздік. Халық педагогикасы, немесе ұлттық тәрбие мәселесі арнайы ғылыми-зерттеу немесе пән оқулығы ретінде қарастырылмай, негізінен ғылыми мақала, тезис, қосымша мағлұматтар негізінде М.Жұмабаев [59], Т.Тәжібаев [67], М.Ғабдуллин [66], Б.Момышұлы [88], Б.Адамбаев [129], Х.Арғынбаев[130], М.Әлімбаев [81], С.Сауытбеков [79] т.б еңбектерде көрініс тапқан.

Қазақ этнопедагогикасының тарихын зерттеуші С.Қалиев, аталмыш ғылым саласының қалыптасу кезеңдерін үш кезеңге бөліп қарастырады:

        1. Қазақ этнопедагогикасының туу кезеңі (ХІХ ғасырдың екінші жартысы). Оған автор Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев және орыс-батыс ғалымдары П.С.Паллас, Э.С.Вульфсон, А.Вамбери, А.Левшин, А.Янушкевич, Н.Г.Потанин, Н.Л.Зеланд, В.В.Радлов еңбектерін жатқызады.

        2. Қазақ этнопедагогикасының қалыптасу кезеңі (1920-1930 жылдар). Оған автор С.Торайғыров, Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжанова, М.Әуезов, С.Сейфуллин еңбектерін жатқызады.

        3. Қазақ этнопедагогикасының даму кезеңі (1970-1995 жылдар). Оған автор М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы, Б.Адамбаев, Ш.Ахметов, М.Әлімбаев, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ә.Табылдиев, С.Ұзақбаева, М.Балтабаев, Қ.Бөлеев, З.Ахметова, М.Құрсабаев, М.Смайылова, М.Оразаев, К.Қожахметова еңбектерін жатқызады [70,70]

Ғалымның қазақ этнопедагогикасының даму кезеңдерінде, аталмыш дүниенің ғылым саласына айналуына зор үлес қосқан адамдардың еңбектерін көрсетуі, біздің көтеріп отырған мәселелеріміздің бір мақсаттылығы мен маңыздылығын дәлелдейді.

М.Ғабдуллин “Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес” (1966) деген еңбегiнде: “..Қазақ халқының өмiрiнен орын алған тәрбиенiң тарихын жан-жақты түрде қарастыру өз алдына зерттелетiн мәселе. Бiздiң мақсатымыз – революцияға дейiнгi қазақ арасында жас ұрпақты еңбек пен ерлiкке тәрбиелеуде халықтың ненi арман еткенiн және баланы жастайынан тәрбиелегенде өсе келе кiм болуын көздегенiн шолып өту.

Мұндай шолудың керек болып отырған себебi, бiрiншiден, халықтың бала тәрбиелеудегi өткен кездегi арман-мақсаттарымен танысу, екiншiден, оларды бүгiнгi күннiң тiлек-мiндеттерiмен салыстыру едi..”,- деп, нақтылай келе этнопедагогика туралы маңызды ой-пiкiрiн бiлдiредi. [66,74]

Профессор Төлеген Тәжiбаев: “..Қазақтың мәдени өмiрiнде фокльклор, музыка, қол өнерi және халықтың тәрбиелiк дәстүрлерi басты рөл атқарған. Халықтың сан ғасырлық тәжiрибесiн, ойы мен мұң-мұқтажын бiлдiретiн мақалдар мен мәтелдерде қазақтың халықтық педагогикасы көп жинақталған..”,-деп, халық педагогикасының негiздерiн терең зерттеу барысында мақал-мәтелдердiң жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудегi маңыздылығына жете тоқталып өтедi. [67,144].

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұя” кітабын (1975) қазақ халық педагогикасының әліппесі деп айтуымызға болады. Автор өзінің балалық шақтан бастап есейген шағына дейінгі ғұмырнамасындағы тәлім-тәрбиелік дүниелерді қазақи тұрмыс ерекшеліктерімен байланыстыра отырып суреттейді.

Оның: “..Әкем маған ата-тегіміздің аты-жөнін үйретуші еді.

  • Кімнің баласысың ? – деп сұрайтын ол

  • Мен Момыштың ұлымын.

  • Момыш кімнің баласы ?

  • Момыш – Имаштың баласы.

Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады. Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген. Әжем малдың тілін ұғуды үйретуші еді. Қозы маңырайды, бұзау мөңірейді, бота мөлдіреп аңсайды, қодық ақырады.. Әкем маған жастайымнан қазақша жыл қайыруды, күн мен ай аттарын, жыл аттарын жаттатты”,- деген сөздерінде терең тәрбиелік мән жатыр [88,18].

Ұлттық тәрбиенің сол жылдары қоғамдық сипат алмаса да, әулет, отбасы, туыстық қарым-қатынас және халық мейрамдарында азды-көпті тәрбиелік рөл атқарып келгенін Б.Момышұлы өз әңгімесінде былай деп суреттейді: “..Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп ойға бататыным бар. Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымдарға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ.. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз. Дүние тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы әңгімені әжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы тұңғыш мағлұматты әжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын.. Иә, әлемнің пайда болуы, тіршілік дамуы, адамзаттың шығуы, өмір жайлы, шынайы сезім мен азаматтық тұрғысындағы жан баурайтын аңыздарды айтқан; ненің жақсы, не жаман екенін, нені сүйіп неден аулақ жүруді үйреткен; ар заңының, әдеттің жинағынан алғашқы тарауларды таныстырған да ең алдымен ата-ана, ағайын-туған еді..”,- дейді [88,20].

Аталған еңбектер арқылы біз ұлттық тәрбиенің қарапайым баланы санауға, жаттауға, оқуға, есептеуге, есте сақтауға, үйренуге қажетті ықпал ету құралы ретінде әулет дәстүрі мен тұрмыстық қарым-қатынаста қызмет етіп келгеніне көз жеткіздік.

М.Ғабдуллин еңбектерінен халықтың ұрпақ тәрбиелеу барысында, нақты бір мақсаттарға сүйенудің қажет еткен, Т.Тәжібаевтың халық ауыз әдебиеті мұраларының ұлттық тәрбиенің ерекшелігін байқататынын, ал Б.Момышұлының отбасы дәстүрінің атқарған педагогикалық қызметінің зор екендігін байқаймыз .

Әр халықтың ұлттық тәлім-тәрбиелік ерекшеліктері жөнінде Г.С.Виноградов (1926) [136], А.Ф.Хинтибидзэ (1951) [135] ғылыми еңбектер жазды. 1956 жылы жарыққа шыққан академик Г.Н.Волковтың “Чуваш халқының этнопедагогикасы” атты еңбегi ТМД мемлекеттері кеңістігінде этнопедагогика ғылымының көптеген ғалымдардың зерттеу объектісіне айналуына себеп болды[65]. Бұл орайда А.К.Алиевтың (Әзербайжан,1968) [131], Я.И.Ханбиковтың (Татарстан, 1967) [134], З.Миртурсуновтың (Өзбекстан, 1973) [133], А.Ш.Гашимовтың (Азербайжан, 1970) [137], Ю.А.Рудь (1980) [143], З.П.Васильцованың (Украина, 1983) [138], Е.Л.Христованың (1988) [139], К.Пирлиевтің (Түрікменстан, 1991) [132], А.Э.Измайловтың (Қырғызстан, 1991) [140] және басқа ғалымдардың еңбектерін атап өткен жөн.

Қазақстанда халық педагогикасына қатысты тұңғыш зерттеулерге А.Х.Мұқамбаева (1973), И.Оршыбеков (1974) және Қ.Б.Жарықбаевтың (1982) және Қ. Сейсембаевтың (1987) еңбектері жатады. А.Х.Мұқамбаева өзінің “Национальные обычаи и традиции казахского народа и их влияние на воспитание детей и молодежи” [104] деген еңбегінде қазақ халқының тәлім-тәрбиелік дәстүрлері және оның тарихы жөнінде мәселе көтереді.

А.Мұхамбаеваның ойынша жас ұрпаққа халықтың сан ғасырлар бойы жинақталып келген салт-дәстүрлері негізінде тәрбие беру – алдымен салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың халық тұрмысындағы пайда болу генезисін анықтап алудан бастау керек дейді. Ол дүниелерді зерттеу мен талдау – тақырыптың әлеуметтік алғышарттарын айқындауға негіз болмақ. Әлеуметтік алғышарттардың – қоғамдық құбылыс екені жөніндегі этнограф ғалымдардың теориялық еңбектеріне сүйенген автор - өз ретінде қазақ халқының салт-дәстүрлерінің қоршаған орта мен тұрмыс-тауқіметтің жағдаяттарына байланысты өзіндік табиғи ерекшеліктерін реттеудің қажеттілігін баяндайды.

Зерттеуде қазақ халқының ата-бабасының жинақтаған тәжірибелері негізінде жас ұрпаққа жан-жақты тәлім-тәрбие беруде адамның жас ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктеріне аса назар аударғаны, нәтижесінде тәрбие әрекеттерінің тұрмыста, әулет пен отбасы салтында арнайы білім қағидаларын игеру мен қолдану негізіндегі қарапайым педагогикалық тәжірибелердің қалыптасқаны дәлелді тұрғыда айтылады. Автор халық тұрмысында ұлттық тәрбиенің жалпыға ортақ ерекшелігін ескеру керектігін баса айтып, ұлттық дүниетаным қағидасынан туындаған “адамның шыр етіп бұл дүниеге келгеннен бастап, зарлап о дүниеге кеткенге дейінгі ғұмырнамасының тәрбие бесігінде тербеліп өтеді” деген танымдық-тағлымдық ұғымдармен өз ойын ұштастырады.

И.Оршыбеков өзінің “Халық ауызекі поэтикалық шығармашылығындағы адамгершілік тәрбиесінің идеялары” [144] атты диссертациялық еңбегінде халық ауыз әдебиеті мұралары негізінде оқушыларға адамгершілік тәрбие берудің кейбір өзекті мәселелерін зерттейді. Автор адамгершілік тәрбиесінің халық педагогикасының үлкен саласы болып табылатын мақал-мәтелдер мен этномузыкалық мұралар арқылы мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарында факультативтік дәрістердің қосымша материал ретінде өткізу жөнінде әдістемелік кеңестер береді.

Қ.Сейсембаев “Отбасы тәрбиесінде балаларды мектепке даярлаудағы қазақ халық педагогикасы” [145] атты еңбегінде халық педагогикасының негізгі компоненттерінің бірі отбасы тәрбиесі екенін атап көрсетеді. Оның ойынша халық педагогикасының қалыптасу тарихын зерттеу барысында, қай кезеңдерде болмасын әр халық күнделікті тұрмыста жас ұрпаққа эмпирикалық білім мен тәрбие беруде отбасылық дәстүрлерге сүйенген. Сондықтан отбасы дәстүрлері негізінде арнайы әдістемелік нұсқаулар мен дәріс беру сабақ жоспарларын құрудың үлгілерін ұсынады.

И.Оршыбеков және Қ.Сейсембаев халық педагогикасы мұраларының ұрпақ тәрбиелеу барысында атқаратын қызметінің зор екенін атай келе, ұлттық тәлім-тәрбие жайында әдістемелік нұсқаулар берудің орнына, жалпылама шолу жасап, қысқаша анықтамалар берумен шектелгенін байқадық.

Ұлы дала ғұламаларының педагогикалық ой-пікірлерін жинақтап, олардың тәлім-тәрбиелік һәм діни-рухани мұралары жөнінде республикамызда тұңғыш рет көлемді ғылыми зертттеу жүргізген Қ.Жарықбаев болды. Қ.Жарықбаев өзінің ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде ұлттық педагогика тарихының дамуына қомақты үлес қосты. [69] Еңбекте тұңғыш рет шығыстанушы, әдебиеттанушы және этнолингвистика мен елтанушы ғалымдардың еңбектері негізінде қазақ топырағында ғұмыр кешкен көнетүркі ғұламалары: Йоллық тегін, Күлтегін, Мойыншор, Білге қаған, Тоныкөк, Онгин, Сүдже, Құлышора және басқа данышпандардың тағылымдық өсиеттері баяндалады.

Ғалым орта ғасырларда мұсылман Ренессансының өркендеуіне үлес қосқан алып тұлғалар: Әбунасыр Әл Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, А.Йассауи және А.Йүгінеки ғибраттары жайында сөз етіп, аталмыш данышпандар тағылымдары жөнінде арнайы дәріс курсын өткізу жөнінде әдістемелік нұсқаулар ұсынады.

Қ.Жарықбаевтың қазақ этнопедагогикасы тарихын жүйелі тұрғыда зерттеуге арналған еңбектері С.Қ.Қалиевтің зерттеу жұмыстарында көрініс тапты. С.Қалиев өзінің “Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі” (1986) атты еңбегінде Қ.Жарықбаевтың зерттеулерін одан ары дамыта түсіп, қазан төңкерісіне дейінгі қазақ ақын-жыраулар поэзиясындағы тәлімдік идеялар жөнінде толық мағлұматтар береді [46].

С.Қалиев қазақ этнопедагогикасы тарихындағы “Алтын ғасыр кезеңі” болып саналатын Қазақ хандығы тұсында ғұмыр кешкен ақын-жыраулардың педагогикалық ой-пікірлеріне терең талдау жасап, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде, ата-бабалар тағылымдарын мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарында жүйелі тұрғыда пайдаланудың әдістемелерін ұсынады. Бертін келе аталмыш зерттеу материалдары – “Қазақ халқының салт-дәстүрлері” (1990) [187], История обучения и воспитания казахов” (1990) [186] “Қазақ этнопедагогикасы және этнопсихологиясы курсының бағдарламасы” (1992) [185] және “Қазақтың тәлімдік ой-пікір Антологиясы” (1994) [132] және басқа бағдарламалар мен тұжырымдамалардың пайда болуына негіз болды.

1990 жылдардың басынан бастап қазақ этнопедагогикасы зерттеу ерекшеліктеріне байланысты жеке салалар бойынша: қазақ этнопедагогикасының ғылыми-методологиялық және теориялық негіздері (С.Қ.Қалиев, К.Ж.Қожахметова), қазақ этнопедагогикасындағы ұлттық тәлім-тәрбие мәселелері (Қ.Бөлеев, К.А.Оразбекова), қазақ этнопедагогикасының тарихы (Қ.Жарықбаев, Т.Әлсатов, З.Әбілова, Ә.Табылдиев, Ш.Жұматаева), халық педагогикасындағы экологиялық тәрбие (Н.Қ.Сарыбеков, С.Ысқақов, Ж.И.Жанұзақова, Г.М.Сәбденәлиева, Ш.Ж.Арзымбетова) халық педагогикасындағы эстетикалық тәрбие (С.Ұзақбаева, М.Х.Балтабаев, Т.А.Қышқашбаев), қазақ этнопедагогикасы материалдарын мектеп практикасына ендіру (Р.Қ.Дүйсембінова, Т.Ә.Қоңыратбаева, Ә.Сәдуақасов), қазақ халқының этномәдени мұралары негізінде ұлттық тәрбие беру (Ж.Наурызбай, Б.Е.Қайырова) халық педагогикасындағы дене тәрбиесі (Б.Төтенаев, М.Тәнікеев, Е.Сағындықов, Б.М.Досқараев, Т.Ж.Бекботчаев), шет елдердегі қазақ диаспораларындағы ұлттық тәрбие мәселелері (Қ.Қобдабай, Ә.Ашайұлы), халық педагогикасы материалдары негізінде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру (Ш.Б.Құлманова, Р.К.Төлеубекова, Ж.С.Хасанова), жоғарғы және арнаулы оқу орындарындағы студент жастарға қазақ этнопедагогикасы мұралары негізінде білім мен тәрбие беру мәселелері (Б.Ы.Мұқанова, М.Н.Сарыбеков, Ж.Асанов), халық педагогикасындағы патриоттық тәрбие (С.Т.Иманбаева), халық педагогикасындағы адамгершілік тәрбиесі (А.Төлеубекова, А.Қ.Қисымова, Ж.Б.Сәдірмекова, А.Е.Дайрабаева) және басқа ғалымдардың зерттеулері қазақ этнопедагогикасының ғылыми саласының күрделілігін айқындады. Сондықтан жоғарыда көрсетілген халық педагогикасының бүгіндегі оқу-тәрбие жүйесіне ендірілуі мен қолданылуы мәселелерін реттеуде, зерттеу жұмыстарының жекеленген өзіндік үрдістері бойынша қарастырылуын дұрыс деп санаймыз.

Халық педагогикасының негiздерiн айқындау қазақ этнопсихологиясының генезисiн зерделеуге бағытталған еңбектермен қатар жүрдi. Сондықтан қазақ этнопсихологиясының табиғатын ашуға арналған Сәрсембаев Н [103], Жандiлдин Н [146], Мұқанов М, Жүкеш К [147], Елiкбаев Н [148], А.Х.Кукубаева [190] және басқа ғалымдардың еңбектерi жалпы ұлттық тәлiм-тәрбие мәселелерiне арналған зерттеу жұмыстарына негiз болды деп қорытынды жасаймыз.

Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерінің негізгі компоненттеріне жататын әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері жөнінде Н.Сәрсембаев зерттеу жүргізді. Н.Сәрсембаевтың ойынша ұлттың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі – талай ғасырлардан бері қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген өмір сүру мен тұрмыс әрекеттерінің ережелері болмақ. Оның қалыптасуы – адамдар арасындағы қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастықтың кепілі деген. Ол әдет-ғұрып жөнінде: “..әдет-ғұрып тарихи даму дәуірлерінде, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған, халықтың қоғамдық пікірі негізінде қорғалатын, салыстырмалы түрдегі адамдар қарым-қатынастарының, тұрмыс-тіршілігінің тұрақты қоғамдық ережесі ..”,- деп, [103,70] ал салт-дәстүр жөнінде: “..салт-дәстүр - тарихи даму дәуірлерінде, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған, халықтың қоғамдық пікірі негізінде қорғалатын, адамдар қарым-қатынастарының, тұрмыс-тіршілігінің тұрақты қоғамдық ережесі..”,- деген тұжырымдары арқылы екі атаудың ерекшеліктеріне дәлелді анықтама береді [103,70].

Этнопедагогика ғылымы бүгінгі таңда қоғам қажеттіліктерінен туындаған басқа ғылым саласы сияқты өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Оның қажеттілігі мен өзектілігі жайлы аталмыш сала бойынша өткізілген ғылыми-практикалық конференция материалдары мен зерттеушілердің еңбектері дәлел. Көптеген ғалымдардың Г.Н.Волковтың: “…этнопедагогика - әр халықтың жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде мақсаты мен міндеттері бір-бірімен тығыз байланысқан, көп ғасырлардан бері жинақталған педагогикалық білімдері мен әдіс-тәсілдерінің ұлттық қажеттіліктерінен туындаған тәжірибелер жиынтығы..”,- деген тұжырымына сүйенетіні байқалады [65,10].

Бұл жөнінде Қ.Жарықбаевтың: “… этнопедагогика – ұлттар мен ұлыстардың атадан балаға мирас болып қалған, тәлім-тәрбиелік тәжірибелерінің: дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, тағы басқа қыры мен сыры туралы ғылым..”,- деген, тұжырымы да көптеген ғалымдардың зерттеулерінде көрініс табуда [69,32].

Қ.Б.Жарықбаев пен С.Қалиев қазақ этнопедагогикасының даму тарихын үш кезеңге бөліп қарастырады:

1.ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы педагогикалық ой-пікірдің ілкі бұлақ-бастаулары (Орхон-Енисей жазбалары, Қорқыт тағылымдары);

2. Ортағасырлар заманынан бастап, Қазақстанның Ресей қоластына кіру процесі аяқталғанға дейінгі демократиялығы басым тәлімдік ой-пікір кезеңі

3. Ұлттық педагогикалық ой-пікірдің Кеңес үкіметі жылдарындағы дамуы [128,3].

Қазақ этнопедагогикасының әлеуметтік құбылыс екенін және оның қоғамдық қажеттіліктерден туындағанын ескере келе ғалымдар өз ойларын былай жеткізеді: “.. Адамның өз ұрпағын еңбекке, кәсіпке, өмірге икемдеп үйретуі адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан тарихи процесс екені белгілі. Ұшы-қиырсыз жазира дала тұрғындары өздерінің үлкен тарихында жас ұрпаққа тәрбие беруде бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана, әдет-ғұрып рәсімдерін туғызды. Дала тұрғындары өздері өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, мәдениеті мен тарихына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің басқа жұртта қайталанбайтын талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, жас ұрпақты тәрбиелеудің жалпыға ортақ моральдік-психологиялық нормасы белгіленді...” [128,4-5]. Бұдан біз халық педагогикасының ұлтымыздың тарихи және мәдени қалыптасуы кезеңдерімен тығыз байланыста дамып келген аса күрделі қоғамдық-әлеуметтік құбылыс екеніне көз жеткіземіз. Демек, халық педагогикасында ұлттық тәрбиенің де өзіндік көрініс табуы заңды құбылыс.

Қазақ этнопедагогикасының өз алдына ғылым саласы ретінде дамуына шет елдердегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі Қобдабай Қабдыразақұлы зор үлес қосты. Ол ұлттық тәлім-тәрбие мәселелері жөніндегі ұсыныс-тұжырымдарын “Ғұрып, дәстүр және тәрбие” (1979) деген еңбегінде баян етеді. Автор еңбегі үш тарауға (Ғұрып және дәстүр, Халқымыздың адамгершілік дәстүрі, Тәрбиелік дәстүр) бөліп қарастырады. Қ.Қобдабай ұлттық тәрбиенің іргетасы әулет тәрбиесінде жатқанын, демек соған байланысты зерттеу және шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру барысында терең назар аудару керектігін атап өтеді. Қ.Қобдабай әулет тәрбиесінің құндылықтарына: отбасы ұйытқысы, беріктік, махаббат сезімі, жомарттық, сүйіспеншілік, сыйластық, кісілік, адалдық және басқа отбасы дәстүрінің алтын қазығы болатын қасиеттерді жатқызады [73,100].

Қазақ этнопедагогикасының қауымның әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерінің бірі деп санап, автор қазақ тәлім-тәрбиесінің негізгі әліппесі – халықтың бала тәрбиелеудегі тәрбиелік дәстүрлері деп анықтама береді [73,109]. Қ.Қобдабай: “..әр ұрпақтың адамдарды бір-бірімен қатар өмір сүріп, жұмыс істеп, бірге демалып қана қоймай, өндірістің, қоғамдық өмірдің, ғылымның, өнердің, тәрбиенің күрделі мәселелерін бірлесіп шешеді. Қоғамның осы тектес маңызды әлеуметтік мүдделерін шешу үшін ғасырлар бойында қазақ халқы адамгершіліктің алуан түрлі қарапайым нормаларын қалыптастырған..”,- деп, халық педагогикасы жөнінде анықтама бере келе, адам бойындағы адамгершілік қасиеттердің, сондай-ақ моральдік құндылықтардың халық педагогикасының қалыптастыруына ықпал еткені жайлы мәселе көтереді [73,83]. Қ.Қобдабай халық тәжірибесіндегі ұлттық тәлім-тәрбиенің негізгі өзегі әдіс-тәсілдер екенін айта келе, оның төмендегідей жүйесін көрсетеді:

  1. Ақыл-кеңес беру

  2. Үлгі өнеге көрсету

  3. Үйрету, көрсету

  4. Түсіндіріп тоқыту, жаттықтыру

  5. Салыстыру, құлақ қағыс ету

  6. Ынталандыру (аймалау, иіскеу)

  7. Мадақтау (сый-сияпат көрсету, араша түсу)

  8. Талап қою :

  • ақыл айтып талап қою;

  • сенім артып талап қою;

  • өтінішпен талап қою;

  • қас-қабақ, ыммен талап қою;

  • қолпаштау арқылы талап қою;

  • сөгу арқылы талап қою;

  • шарт арқылы талап қою;

  • қорқыту арқылы талап қою;

  1. Әдет-ғұрып, дәстүр үлгісімен тәрбиелеу

  2. Жазалау:

  • ескерту;

  • ұрысып сөгу;

  • шектеу;

  • қорқыту;

  • ұялту;

  • сынау;

  • қол тигізу; [73,109-116].

Автор ұжымдық тәрбиенің халық педагогикасындағы көрінісін көпшілік қауымның тәлім-тәрбиелік дәстүрлері деп қарайды. Оған достық қарым-қатынас, ақсақалдар кеңесі, көрші-қолаң қарым-қатынасы және той-томалақ дәстүрлерін жатқызады. Осы орайда ұжымдық тәрбиенің маңыздылығын айта келе Қ.Қобдабай: “..коллектив дегеніміз – ондаған, жүздеген адамның жиынтығы. Демек коллектив – көпшілік деген сөз. Сол көптің күш-жігері мен ақыл-парасаты үлкен күш. Ол бірен-саран тентекті де тезге сала алады..”,- деп, ұжымдық топтасу мен бірліктің қоғамдық ортадағы ықпалы жөнінде баян етеді [73,81]

С.Қалиев негізін салған қазақ этнопедагогикасының ғылыми-методологиялық және теориялық негіздеріне арналған зерттеу жұмыстары К.Ж.Қожахметованың еңбектерінде көрініс тапты. К.Қожахметова өзінің “Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика” (1998) деген еңбегінде сол кезеңге дейінгі қазақ этнопедагогикасы бойынша зерттелген еңбектер мен авторлық-мемлекеттік бағдарламалар мен әдістемелік оқулықтар және озық тәжірибелер жөнінде толық мағлұматтар келтіріліп, жете талдау жасады. Төрт тараудан тұратын еңбектің бірі – қазақ этнопедагогикасының методологиялық негіздерін айқындау мәселелеріне арналған. Онда автор С.Қалиев атап көрсеткендей қазақ халық педагогикасының тарихи кезеңдері [70,70] бойынша берілген анықтамалар бойынша жеке көзқарасын білдіріп, ұлттық тәрбие мәселесіне байланысты республика көлемінде атқарылған ғылыми еңбектер мен педагогикалық жетістіктер жайына тоқталады. Атап айтқанда С.Ұзақбаева, Р.Қ.Дүйсембінова, Ә.Табылдиев, М.Оразаев, Ә.Сәдуақасов, З.Ахметова, педагог-практиктер Л.С.Сырымбетова, У.Шәлекенов, О.Дәулетова еңбектері және мектептегі тәрбие жұмыстарында жүргізіліп жатқан “Кәусар бұлақ”, “Атамекен”, “Әдеп және жантану” бағдарламалары жөнінде айтып өтеді.

Қазақ этнопедагогикасының табиғатын тану К.Қожахметованың ойынша этномәдени мұралар мен аталмыш сала бойынша қалыптасқан мәдениеттану теориясына арқа сүйенуінде болмақ. К.Қожахметова: “..Қазақ этнопедагогикасының методологиялық негіздерін зерттеу барысында, біздер тек қазақтың ұлттық мәдениетімен шектеліп қалмай, ол саланың мәдениеттану теориясы тұрғысынан зерделеу қажет екенін айтамыз. Ол тұжырымымыздың негізі – қазақ этнопедагогикасының қазақ философиясы, этностар теориясы, этнопсихология және мәдениет теориясы ғылымдары салаларымен тоғысқан, аталмыш ғылыми пәндердің фундаменталдық ережелері мен методологиялық негіздеріне сүйенген, педагогика ғылымының ажырамас, біртұтас бөлігі деп қарастыруымыз болмақ ..”,- деген, тұжырымы арқылы біз қазақ этнопедагогикасының ерекшеліктері жөнінде дәлелді мағлұматтар аламыз [32,123].

Р.Қ.Дүйсембінова қазақ этнопедагогикасы материалдарын тек қана зерттеумен шектелмей, оны мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарына кешенді тұрғыда ендірудің үлгісін ұсынады. Автор қазақ этнопедагогикасының Қазақстан егемендік алғанға дейінгі аралықта педагогика ғылымының аясынан қағыс қалып отырғанын, бүгінде оның қажеттілігі жөнінде қоғамдық пікір қалыптасқанын, ал оған анықтама беруде К.Қожахметова айтып кеткендей, ғылыми педагогиканың ажырамас бөлігі екендігі жөнінде баяндайды.

Р.Қ.Дүйсембінованың пайымдауынша көне замандардан бері қалыптасып келе жатқан қазақ даласында ғұмыр кешкен ғұламалар мен ойшылдардың, қазақ ақын-жырауларының және ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауым өкілдерінің ұлттық педагогика жөніндегі ой-пікірлері – заманның қай кезеңінде болмасын - өзіндік ерекшелігі мен тәлім-тәрбиелік заңдылығы бар этнопедагогикалық мұралардың қалыптасуын қажет етіп отырды деп санайды. Қазақ халық педагогикасының қажеттілігін анықтайтын алғышарттарды автор төмендегідей рет бойынша сараптайды:

  1. Оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, ұлттық сана-сезімін дамыту мақсатында халық педагогикасы материалдарын мектеп практикасында пайдалану қажеттігі (халықтың ауызекі-поэтикалық шығармалары, ұлттық салт-дәстүрлер, Қорқыт, Әл Фараби, Ж.Баласағұн, Асанқайғы, Д.Бабатайұлы т.б. шығармалары);

  2. Қазақ этнопедагогикасын мектеп практикасында пайдалану қажеттігін тікелей атап көрсетпегенімен, оның бала тәрбиесіндегі рөліне, құнды адамгершілік қасиеттері мен ұлттық сана-сезімін қалыптастыруы (А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов)

  3. Қазақ зиялылары мен ғалым-педагогтарының шығармалары (М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов шығармалары);

  4. Қазақ этнопедагогикасы материалдарын мектептерде пайдалану туралы қазақ зиялыларының айтқан ой-пікірлері (Т.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Қ.Бержанов)

  5. 1970 жылдардан бері қарай қазақ этнопедагогикасының зерттелуі (А.Х.Мұқамбаева, И.Оршыбеков, т.б.) [77,47-50]

Р.Қ.Дүйсембінованың диссертациясындағы “Қазақ этнопедагогикасын сыныптан тыс тәрбие әрекетіне ендіруді әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету” тақырыбы мектептегі оқушылар ұжымында сыныптан тыс уақыттарда тәрбие беру мәселелеріне арналған. Аталмыш міндет-мақсаттарды жүзеге асыруда автор эксперименттік жұмыстың нәтижесі негізінде оқушылардың білімге деген қызығушылықтарын арттыруда, шығармашылық жұмыстарға деген белсенділіктерін көтеруде және сынып ұжымының ынтымақтастығын нығайту мақсатында “Шешендік өнер” факультативтік курсы, “Әңгімелесу” атты педагогикалық-психологиялық диагностика жасауға бағытталған тренингтер, “Атамекен” бағдарламасының “Домбыра-дастан” бағыты бойынша үйірме жұмыстары мен өнер сайыстарын ұйымдастыруға арналған нұсқаулары мен теориялық-әдістемелік тұжырымдары зерттеу жұмысының мазмұндылығын көрсетіп отыр [77,206-217].

Сондай-ақ ұлттық тәлім-тәрбие мәселелері көрнекті ғалымдар Н.Қ.Сарыбековтың еңбегінде қазақтың табиғатты қорғау дәстүрлері арқылы баяндалса [71], С.А.Ұзақбаеваның зерттеулерінде эстетикалық тәрбие мәселелері бойынша сарапталса [72], Ж.Наурызбай зерттеулерінде халық педагогикасын танудың негізгі түйіні оқушыларға этномәдени мұралар негізінде кешенді тәлім-тәрбие беру арқылы жан-жақты зерделенеді [75]. Халық педагогикасының методологиялық негіздері С.Ғаббасовтың зерттеуінде көлемді тұрғыда қарастырылса [109], қазақ ақын-жыраулары мен ойшылдарының данышпандық дәстүрлері Т.М.Әлсатов [123] еңбектерінде барынша қамтылады.

Ұлттық тәрбие мәселелерiне арналған Сейiт Кенжеахметовтың “Жетi қазына” [78], Сейтен Сауытбековтың “Тағылым тегi” [79] және Мұзафар Әлiмбаевтың “Халық ғажап тәлiмгер” [81] атты еңбектерiн атап өткен жөн.

Академик жазушы Сәбит Мұқанов “Ұстаздардың ұстазы” деп жазған [149,9-14] балалар жазушысы, араб тiлiнiң бiлгiрi, белгілі жазушы Г.Бельгердің ұстазы, әлiппе оқулығы бойынша ғылыми конкурстарға қатысып жүлде алған, Сейтен Сауытбековтың “Тағылым тегi” кiтабы оқушыларға ұлттық тәрбие беруде тамаша әдiстемелiк-дидактикалық нұсқау болды. Кiтаптағы тыйым сөздер, балалардың мал төлдерiн шақыруы, жануарлар қалай үн шығарады атты халық педагогикасының ой-маржандары негiзiнде түзiлген тақырыптар бойынша Ж.Қасым атындағы Көкшетау университетiнде арнайы мультипликациялық фильмдер түсiрiлiп, жинақталған тәжірибелер солтүстiк Қазақстан өңiрiнiң мектептерiнде кешендi түрде енгiзiлуде. Оқушыларға ұлттық тәрбие берудегі атқарылған іс-шаралардың ғылыми-эсперименттік нәтижелері университет аясында жыл сайын өтетін халықаралық “Сейтен тағылымдары” ғылыми-практикалық конференцияда баяндалып, іс-тәжірие алмасу барысында жетекші педагогикалық жетістіктердің біріне айналуда [150], [151].

С.Сауытбековтың “Өртенген өлең” атты кiтабындағы басты кейiпкер, жалынды революционер Баймағамбет Iзтөлиннiң қаһармандық дәстүрi негiзiнде оқушыларға этнопатриоттық тәрбие берудiң педагогикалық маңызы зор [80].

Ұлттық тәрбие атауын өздерiнiң докторлық диссертацияларында Қ.Бөлеев пен К.Оразбекова енгiзiп, өзектi мәселе ретiнде қарастыру қажет екенiн дәлелдедi.

Қ.Бөлеевтің айтуынша:”.. ұлттық тәрбие терминiн ендiру педагогика ғылымында өз шешiмiн тапқан жоқ. Ол этнопедагогика ғылымында ендiрiлуi тиiс. Өйткенi этнопедагогика ұлттық тәлiм-тәрбиенi жинақтайтын, оны қорытындылап, жүйелейтiн теориясымен сипатталатын ғылым саласы. Ұлттық тәрбие – жеке тұлғаның ұлттық сана-сезiмi мен мiнез-құлқының, ана тiлiн, ата тарихын, төл мәдениетiн және ұлттық салт-дәстүрiн меңгеруi негiзiнде қалыптасқан этнопедагогиканың саласы..”,-деп, анықталады. [58,76-329]. Ғалымның ойынша ұлттық тәлiм-тәрбиенiң мектептегi оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырудың тиiмдiлiгi – болашақ мұғалiмдердi, бiлiктi тәрбиешiлердi және олардың бiлiмдерiн қайта даярлау мен жетiлдiру жұмыстарына арналған арнайы бағдарламалар мен нақты шараларды қолға алғанда артады деп топшылайды.

Ш.Беркімбаеваның пайымдауынша, бүгінгі заман талаптарына сай білім жүйесінің реформалануы жағдайында, осы уақытқа дейін мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарына ендіріліп келе жатқан авторлық және мемлекеттік бағдарламаларды сараптай отыра, бүгінгі заман ұрпағына жаңаша ұлттық тәрбие берудің жүйесі жасалу қажеттігін алға тартады [158,12]

К.Оразбекованың пайымдауынша ұлттық тәрбие – болашақ қоғамымыздың құрлысшыларын дайындайтын дарынды, парасатты, жоғары мәдениеттi, жан-жақты дамыған жеке тұлғаларды қалыптастырудың негiзi болуы шарт деп санайды. Ол: “..ұлттық тәрбиенiң тәлiмдiк негiздерi Адам атадан бастау алып, бүкiл өмiрi-өлеңге, өлеңi-өмiрге айналған жыраулар арқылы жалғасын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жетiп отырды...”,-деп, ұлттық тәрбиенiң бүгiнгi таңда ұлттық идеологияны қалыптастыруда шешушi рөл атқаратынын атап өтедi [68,28].

Байқап отырғанымыздай, ұлттық тәлім-тәрбие жөнінде екі ғалымның түпкі мақсаттарының бір екенін көріп отырмыз. Негізінде ұлттық тәрбие дүниесінің халықтың рухани-мәдени мұраларымен тығыз байланыста дамып келгенін ескере отырып, ғалымдар атап кеткендей ғылыми педагогиканың өзекті бір саласы екендігі туралы қоғамдық пікірді барынша дамыта түсу керек деп санаймыз.

Жоғарыда аталған ғылыми еңбектердi талдай және оған негiздей отырып, бiз мектептегi оқушылар ұйымында ұлттық тәрбие құндылықтарын әлемдік өркениетті озық мәдениетпен кіріктіре іске асырудың жолдарын қарастыратын оқушылар ұйымының жаңа моделі қажет деп санаймыз. Әлемдегі әр халықтың тәлiм-тәрбиелiк мұрасының түпнамасы – оның ұлттық құндылықтармен мыңғасырлық байланыстығының тұтастығында екенi анық. Халық педагогикасындағы ұрпақтың жан-жақты дамып-өсуiне, таным кеңiстiгiнiң ұлғаюына зор ықпал жасап келгенiн педагогика ғылымы жоққа шығармайды.

Этнотәлiмдiк құндылықтардың тарихи сабақтастығының халық тұрмысындағы бейнесi – ұрпақ тәрбиесi жөнiндегi ата-бабаларымыздың эмпирикалық тәжiрибелерi. Демек, ұлттық тәлiм-тәрбие ата-бабаларымыздың көне дәуiрден бүгiнге дейiн жас ұрпақ өкiлдерiне жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық қасиеттер негiзiнде сапалы бiлiм һәм саналы тәрбие беру жөнiндегi тәжiрибелер жиынтығы деп анықтама беруiмiзге тура келді. Бiздiң ойымызша ұлттық тәлiм-тәрбие дүниесiн қалыптастырушы екi заңдылық бар деп есептеймiз. Бiрi – халықтың тәлiм-тәрбие жетiстiктерiнiң жалпыадамзаттық ой-таным мен ұлттық психологиямен бірлігі мен тұтастығы, екiншiсi – аталмыш дүниелер синтезiнен туындаған әдiс-тәсiлдер жиынтығы болмақ. Ұлттық тәлiм-тәрбие мұраларының көне замандардан берi сан қилы белестерден өтiп бiрде әкімшілдік басқару жүйесінiң идеологиялық құралына айналып, бiрде прогрессивтiк-демократиялық рөл атқарып келе жатқанына қарамастан, оның бiлiмтану мен тәлiмтану жүйесiне арқау болып келе жатқаны шындық.

Әлемдегi барша халықтың өкiлдерi - өз бойындағы барлық асыл қасиеттері мен құндылықтарын өскелең ұрпағының санасына сіңіруді ғұмыр бойына мақсат етіп келеді. Классикалық жазба әдебиет пен халықтық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі тартымды кейіпкерлердің бойындағы ізгілік, махаббат, бақыт, өмір мен бостандық үшін күрес, әділдікті, шыншылдықты, адалдықты жақтау, елін, жерін сүю, еркіндік пен адам құқын қоғау, біріншіден әр ұлттың бойындағы бар асыл қасиет болып саналса; екіншіден ол барлық ұлттарға, бүкіл өркениетті адам баласына тән гуманистік қасиет. Әлемдік өркениет - ұлттық озық мәдениет үлгілерінің жиынтығынан қорланады. Олай болса ұлттық әдебиет пен ұлт мәдениетінде марапатталатын озық үлгілі адами қасиеттердің әлемдік өркениетпен ұштасуы - ұлттық патриоттық (азаматтық) сезімдердің, бүкіл адамзат ұрпағын сүюге негізделген интернационализм идеясына ұласуы табиғи заңды құбылыс. Қазіргі таңда, әсіресе мектеп оқушылар мен педагог-тәлімгерлердің арасында жүргізілген сауалдама бойынша, респонденттердің 78,8% Қазақстан халықтары арасындағы достық пен татулықтың сақталуын, осы ретте тәрбие жұмыстарының ҚР Президенті өз Жарлықтары мен Жолдауында атап көрсеткен мұраттар негізінде жүргізілуін қолдайтынын айтты. Бұл тұжырымымыздан жоғарыда айтып өткен интернационализм идеясының жалпықазақстандық патриотизм идеясына ұласуы заңды құбылыс деп баға береміз.

Бұл орайда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттік «Мәдени мұра» негізінде жастарға патриоттық тәрбие берудің бүгінгі таңда қажет екендігі жөніндегі ой-пікірлері мен ұсыныстары зерттеу жұмысымыздың негізгі арнасы болмақ [2]. ҚР Президентінің «Қазақстан жастарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасы» атты Жарлығының болашақта ұрпақ игілігіне айналуына ұстаз қауымымен бірге ғалым-педагогтардың үлес қосары анық [2]. Демек, Елбасы атап өткендей әлемнің дамыған 50 мемлекеттерінің алғы көшінен көрінуге бағытталған ұлы мұратының бірі – сапалы білім мен саналы тәрбиені бойына жиған дарынды тұлғаның қалыптасуы екені анық. Өскелең ұрпақтың өзінің туған Отанына деген шынайы сезімі, елдің әл-ауқатын көтеру һәм экономикасының дамуына үлес қосуға деген азаматтық жауапкершілігінің оянуы – патриоттық тәрбие арқылы жүзеге асары һақ. Патриоттық тәрбиенің бүгінгі мектептегі оқушылар ұжымында жүргізуде – «Атамекен» бағдарламасының берері мол. Елбасы Жарлығы – біз үшін құндылықтар арнасы болса, ал оны өскелең ұрпақтың санасында ояту және одан нәтиже шығарудың практикалық ісі «Атамекен» бағдарламасының үлесіне тигені абзал. Демек, патриоттық тәрбиені жалпықазақстандық тәрбие орталығына айналдару – мектептегі балалар мен оқушылардың қоғамдық ұйымдарының бастарын біріктіру арқылы мүмкін болмақ. Осыған орай 2006 жылдың 26 тамыз айында Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында Қазақстан балалар ұйымдары одағының І Республикалық Слеті делегаттарының 250-ден астам балалар ұйымдарын біріктіру, «Атамекен» бағдарламасын Одақ бағдарламасы ретінде қабылдау және ҚР Президенті мен ҚР Үкіметіне балалар ұйымдарына мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі шешімдері – педагогика тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі екенін байқатты [Қосымша материалдар].

Сондықтан аталмыш зерттеу жұмысын мемлекет белгіліген іс-шаралар мақсаттарымен ұштастыра жүргізудің маңызы зор. Біз ұсынып отырған мектептегі оқушылар ұйымы арқылы жас ұрпаққа жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық мұралар негізінде тәлім-тәрбие жүйесін қалыптастырудың қажет екені жоғарыда айтылған мәселелерді шешуде өз үлесін қосатыны анық.

Өркениеттілікке тән ізгілік, имандылық, бауырмалдылық, гуманистік т.б адами қасиеттердің бәрі әлемдік діни қауымдастықтарда (конфессияларда) марапатталады. Қай діни конфессияның гуманистік қағидасын алып қарамайық (мұсылман, христиан, будда, иудей т.б) кісі өлтірме, біреуге қиянат, зорлық-зомбылық жасама; ізгі жүректі, қайырымды бол деген өсиеттер насихатталады. Бұл жалпы дін атаулының уағыздайтын демократиялық идеясы.

Әлемдік рухани-мәдени құндылықтарды игеруді ұлттық озық мәдениет үлгілерін қастерлеуден бастау – ғылым мен білім, әр ұлттың рухани қазынасын адамзат игілігіне жарату, әдебиет пен өнер саласы мен дін мен жалпы мәдениет атаулыда насихатталатын озық идеяларды оқу-тәрбие жүйесінде басшылыққа ала отырып, оны оқушы-жастардың жүрегіне ұялату, сөйтіп – ізгілік, имандылық, парасаттылық т.б адами асыл қасиеттерді әрбір қоғам мүшесінің құрмет тұтуы білім мен тәрбие ісінің басты принципі.


Лекция-3




Download 1.53 Mb.
leave a comment
Page1/6
Date conversion10.10.2011
Size1.53 Mb.
TypeЛекция, Educational materials
Add document to your blog or website

страницы:   1   2   3   4   5   6
не очень плохо
  2
средне
  1
хорошо
  1
отлично
  3
Your rate:
Place this button on your site:
docs.exdat.com

The database is protected by copyright ©exdat 2000-2014
При копировании материала укажите ссылку
send message
Documents

upload
Documents

Рейтинг@Mail.ru
наверх